Халыққа онкологиялық көмек көрсету сапасын арттыру: «Жасыл дәліз» онкологиялық аурулардың алғашқы белгісінде қалай жұмыс істейді?
Егер сіз алғаш рет онкологиялық аурумен бетпе - бет келсеңіз және не істеу керек, қайда бару керек, қандай талдаулар мен зерттеулерден өту керек екенін білмесеңіз, келесіні есте сақтауыңыз керек:
Бірінші кезекте тұрғылықты (тіркелген) жері бойынша емханаға жүгіну қажет. Мамандардың консультациялары және амбулаториялық жағдайларда қатерлі ісік (ҚІ) ауруына күдіктелетін пациенттерді тексеру «Жасыл дәліз» бойынша жалпы кезектілік пен шектеулерден тыс 15 (он бес) жұмыс күні ішінде жүргізіледі
Қатерлі ісік ауруына күдік болған жағдайда пациентке МРТ және КТ тегін жасалады. Сондай-ақ, сіз өзіңіздің тұрғылықты мекенжайыңыз арқылы тіркелген емханаға барып (МСАК) осы және басқа да тексеру түрлеріне жолдама ала аласыз
Диагноз қою мақсатында ҚІ ауруына күдіктелетін пациенттерді тереңдетіп тексеру онкологиялық орталыққа жүгінген кезден бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде, емдеу тактикасын нақтылау және терапияны дербестендіру мақсатында 30 (отыз) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
ҚІ бар пациентті мамандандырылған онкологиялық орталықта (онкодиспансерде) емдеу диагноз қойылған және динамикалық бақылауға алынған сәттен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннен кешіктірілмей басталады.
Онкологиялық науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, диагностикалауды және емдеуді мемлекет төлейді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде пациентке ештеңе төлеудің қажеті болмайды.