Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ҚР Үкіметінде өткен Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының 2017 жылдың 4 айы ішінде жүзеге асырылу барысына арналған брифингте айтты.
Сөз басында Елжан Біртанов Мемлекет басшысы өз Жолдауында денсаулық сақтау саласының алдына Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу, МӘМС жүйесінде жеке медициналық ұйымдарға тең жағдай жасау, денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру және дәрілік заттардың бағасына реттеу жүргізу міндеттерін қойғандығын атап өтті.
«Үстіміздегі жылы МӘМС заңнамасын жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледік. Заң жобасы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (МӘМСҚ) түсетін аударымдар мен жарналар мөлшерлемелерін қайта қарау; МӘМСҚ-на жарналарды мемлекет төлейтін тұлғалардың, сондай-ақ МӘМСҚ-на жарналар төлеушілердің тізбесін нақтылау; Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға кепілді тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында медициналық көмек алу құқығын ұсыну; МӘМСҚ-ын МӘМС жүйесінде де, КТМКК-де де бірден-бір стратегиялық медициналық қызметті сатып алушы етіп белгілеу; әскери қызметшілерге, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету механизмдерін реттеу мәселелерін қарастырады. Заң жобасы ҚР Парламентінің Мәжілісінде бірінші оқылымда мақұлданды»,- деп хабарлады министр.
Ол, Министрлікте МӘМС жүйесін енгізу бойынша медиа-құралдарды қолдану, тұрғындармен кездесу өткізу, сондай-ақ медицина қызметкерлерін оқыту-үйрету арқылы кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жасалып жатқандығын да айта кетті. Республикамыздың 11 облысында денсаулық сақтау басқармаларының базасында МӘМС түсіндіру жұмыстары бойынша call-орталықтар жұмыс істейді. Медицина қызметкерлері мен пациенттер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын (АТЖ) жүргізуге еліміздің медициналық ұйымдарындағы дәрігерлер мен мейірбикелерден мобильді топтар құру үшін жоғарғы медициналық оқу орындарының кәсіби-оқытушылар құрамын оқыту-үйрету жұмыстары жалғастырылуда.
«Біздің алдымызда тағы бір міндет тұр, ол – еліміздегі медициналық қызметтің қолжетімділігін және сапасын артыру мақсатында бәсекелестікті дамыту үшін МӘМС аясында жеке және мемлекеттік медициналық қызмет жеткізушілерге тең жағдай жасау. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласындағы жеке және мемлекеттік медициналық ұйымдар құрылымы бойынша КТМКК және МӘМС жүйесі аясындағы қызметтерге тоқсан сайын талдау жасалып, мониторинг жүргізілуде»,- деді Елжан Біртанов.
Министрлік МӘМС жүйесін енгізу және МӘМС жүйесі толық іске кіріскенге дейін оның барлық қатысушыларының дайын болуын қамтамасыз ету шараларын жалғастыруда.
Денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру мақсатында, МӘМС жүйесін енгізуге денсаулық сақтау ұйымдарының дайын болуын қамтамасыз ету үшін негізгі бағыттар анықталды, бұл – интероперабельді платформалар ендіру және электронды денсаулық төлқұжатын жасау; денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникалармен жабдықтау, интернет желісіне қолжетімділік және локальды медициналық ақпараттық жүйені енгізу.
«Қазіргі кезде Астана қаласындағы №9 қалалық емхана базасында электронды денсаулық төлқұжатын қолдану бойынша пилотты жоба жүзеге асырылуда. 2018 жылдан бастап оны Қазақстан аумағында кезең-кезеңмен енгізу жоспарлануда», - деп хабарлады Елжан Біртанов.
Аймақтардың ақпараттарына қарағанда, үстіміздегі жылы жергілікті (барлық аймақтар) бюджет қаражаты есебінен 16 мың бірлік компьютерлік техника сатып алу жоспарлануда. Ол Қазақстан Республикасы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникалармен жабдықтаудың орташа есебін 50,19 % арттыруға мүмкіндік береді.
«Денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникалармен қамтамасыз ету және локальды медициналық ақпараттық жүйені енгізу үшін Астана және Алматы қалалары, облыс әкімшіліктері қажетті компьютерлік техникаларды сатып алып, тиісті АТ-инфрақұрылымдар жасауды қамтамасыз етулері тиіс»,- деп атап өтті министр.
«Бұдан басқа, қазіргі таңда Министрлік фармацевтика қоғамдастығының өкілдерімен бірлесіп, барлық дәрілік заттарға шекті баға қойып, реттеу әдістерін талқылауда. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне, ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне, дәрі-дәрмектер бағаларын реттеу жөнінде Министрлік құзіреті бөлігі бойынша өзгерістер енгізу мәселелері қарастырылуда. Сондай-ақ, дәрілік өнімдердің әр орамына арнайы штрих-кодтар қою арқылы, смартфондарға сәйкес қосымшалар мен ақпараттың жүйелер жасақтау арқылы дәрілік заттарды қадағалау жүйесін енгізу жолдары ойластырылуда. Аталған шара 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында қарастырылған», - деп өз сөзін қорытындылады Елжан Біртанов.
Көзі материалдық mz.gov.kz