Ол туралы әріптестері бір-ақ ауыз сөз айтады. «Мықты дәрігер!». Ал шипалы қолын сезінген жандар «Алтын қолды» дәрігер» деп ағынан жарылады. Ол деп жұмбақтап отырғанымыз Шығыс өңіріндегі білікті, тәжірибелі дәрігерлердің бірі, Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас хирургі Марат Башабаев.
Жұмысына келсем, бір жерге шығып кеткен екен. Дәрігер келгенше босқа отырмайын деп емхананың қызметкерлерінен рұқсат алып, палаталардың біріне кірдім. Палатада жатқан екі науқасқа да Марат Башабаевтың өзі операция жасаған екен.
Орта жастағы Оразғайша Сәкенаева Аягөз ауданының түкпіріндегі Ай ауылынан келіпті. «Осы ауруханаға маусымның 7-сі күні келіп түстім. Операция тегін болды. Марат ағаның қолы алтын екен. Жанымды алып қалды. Міне, қазір қайта туғандай болып отырмын. Бауырымның жартысын алып тастады. Өте күрделі операция жасалды. Екі жарым сағат уақыт кетті деді. Марат аға: «емханадан шығар кезде бұдан әрі қалай емделу керек, қалай күтіну керек, қалай жүру керек, немен тамақтану керек, соның бәрін өзім айтып, түсіндіріп беремін», деді. Ол кісінің жанында тыныштық жоқ па деймін. «Қалдарың қалай?» деп палатаға күніне үш-төрт рет кіріп-шығады. Сенбі, жексенбі күндері де осында жүреді. Әуелі Алланың көмегімен, содан соң осы кісінің қолының шипасымен адам қатарына қосыламын ба деген үмітім бар.
Хирургке айтар алғысым шексіз», дейді ол ағынан жарылып. Палатадағы екінші адам, Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданынан келген Майра Сәлімбаева апамыз да дәрігерге алғысын жаудырды. «Өтімдегі үш тасты алды. Рахмет! Көп жасасын, ғұмыры ұзақ болсын! Өзі палатамызға қайта-қайта келеді. Мұндай дәрігерді көргенім жоқ. 82 жасқа келдім, қарғам. Алтын адам. Балаларының қызығын көрсін!», дейді кейуана.
Екі емделушімен сөйлесіп бола бергенімде, Марат ағаның өзі де келіп, әңгімеміз одан әрі кабинетінде жалғасты. Білікті дәрігердің медицина саласына келуінің өзінде бір тылсым сыр жатқан секілді. Кездейсоқтық дейміз бе, әлде Алланың алқауы, тағдырдың маңдайға жазуы дейміз бе? Марат ағамыз мектеп қабырғасында оқып жүргенде күреспен шұғылданыпты. Үшінші сыныпта Жеңіс мерекесінде жарысқа қатысып, өзінен үш-төрт жас үлкен баламен белдесіп, сол қолының шынтағын сындырып алады. «Аудандық ауруханада бір ай жаттым. Сосын облыстық ауруханаға жіберді. Аудандағы дәрігерлердің шынтағымды дұрыс салмай, қисық бітіп кеткенін сол кезде ғана білдім.
Бірақ облыстағы дәрігерлер де ештеңе істей алмады. Сол кезде «өскенде дәрігер боламын. Мұндай жағдайға жол бермеймін» деп өз өзіме серт бердім», дейді бұрынғы балуан, бүгінгі бас хирург. Айтқанындай, бұрынғы Марқакөл ауданының Теректі ауылындағы (қазір Марқакөл деп аталады) мектепті бітіргеннен кейін, Семейдегі мемлекеттік медицина университетіне оқуға түседі. Оқу орнын тәмамдағаннан соң Өскемендегі облыстық емханада бір жылдық интернатурадан өтеді. Аттай 31 жыл бойы облыстың бас хирургі болған Борис Рейш, Әскертай Түселбаев, Райбек Жабықбаев сынды білікті дәрігерлерден тәлім алып, тіпті емханада да қонып қалып, тәжірибелі хирургтерге ғана сеніп тапсырылатын операцияларды жасайтыны да осы кез. «Өйткені, оған сенетінбіз.
Дәрігерлер көп қой, бірақ Башабаев сияқты шебер хирургтер саусақпен санарлық. Ол денсаулық сақтау саласының шенеунігі де болып кетер еді. Десек те, ол операция үстелін таңдады», деп лебізін білдіріпті Әскертай Түселбаев өзінің шәкірті туралы. Бұдан кейін Марат Башабаев біраз жыл туған топырағы Марқакөлде еңбек етеді. 1984 жылдан 1997 жылға дейін осындағы аудандық ауруханада хирург, хирургия бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігер қызметтерін абыроймен атқарады. 1997 жылы өзі тәжірибеден өткен облыстық ауруханаға қайта оралады. Содан бері 20 жылға жуық уақыт осы жерде табан аудармай еңбек етіп келеді. Өзінің айтуынша, бұған дейін 9 мыңға жуық операция жасапты.
Тәжірибесін шыңдау үшін шет елдерге де жиі шығып тұрады. Облыстың түкпір-түкпірін аралап, операция жасайтыны өз алдына бөлек әңгіме. Бүгінде «Маған операцияны Башабаевтың өзі жасасыншы» деп бұл кісіні алыстан ат сабылтып іздеп келетін емделушілер қатары аз емес. «Әрине, ешкімнің көңілін қалдырғың келмейді. Бірақ бәріне бірдей операция жасау мүмкін емес қой», дейді ол. «Елдің бәрі Башабаев мықты дейді. Сонда сіздің ерекшелігіңіз неде?» деп сұрадым. «Мен адамдарды алаламаймын. Бастық бола ма, қатардағы жұмысшы бола ма, маған бәрі бірдей.
Сосын жұмысыма үлкен жауапкершілікпен қараймын. Шәкірттеріме де: «операцияның ұсақ-түйегі болмайды. Сендер адам тағдырына жа- уаптысыңдар» деп үнемі айтып отырамын», дейді облыстың бас хирургі. Үнемі ізденіс үстінде жүретін дәрігердің адам жанын арашалау жолындағы адал еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Шығыс Қазақстанның денсаулық сақтау саласының үздік маманы» атағымен, «ҚР денсаулық саласының үздігі» төсбелгісімен, «Құрмет» орденімен, «Жыл қызметкері» халықаралық сертификатымен марапатталған. Реті келгенде айта кетейік, Марат Башабаевтың отбасында дәрігер мамандығын таңдаған жандар аз емес. Жұбайы Раушан Әбдікәрімова анестезиолог дәрігер, бір ұлы Бейбіт Англияның Кардифф қаласындағы медицина университетінің студенті, екінші ұлы Азамат Астанадағы Назарбаев университетінде білім алуда.
Түйін Емханадан шығып бара жатып, аурухана ауласында тынығып отырған ұлты орыс әйелден: «Сізге Марат Башабаев операция жасаған жоқ па?» деп сұрадым. «Иә, операцияны өзі жасады. Көңіл күйім керемет. Ол кісі басқаратын бөлім сондай таза, жинақы, қызметкерлері де кішіпейіл. Ол Құдайдың өзі берген дәрігер. Бөлімдегі қызметкерлердің емделушілерге деген қарым-қатынасы таңғалдырады. Осында емделіп жатқаныма 8 ай болды, осы уақыт ішінде мұндағы дәрігерлердің бір рет дауыс көтеріп, қабақ шытқанын көрген жоқпын. Құдды ертегі әлеміне тап болғандаймын», деп ағытыла жөнелді. Пациентті мұнда учаскелік дәрігері жіберген екен, «Башабаевқа барып емдел» депті. «Қашан көрсең осында жүреді.
Өзі үйіне бара ма? – дейді жымиып, есімін Наталия Мокина деп таныстырған Өскемен қаласының тұрғыны. – Бұл жерде жұмыс дұрыс жолға қойылған. Бөлімдегі дәрігерлердің бәрі мықты. Медбикелері де мейірімді. Иә, расында, жұмсақ креслоны емес, емхана үстелін таңдаған, «қисық» қолымен талай адамды түзеп, жаңа өмір сыйлап жүрген осындай адамдар туралы көбірек айтқанымыз дұрыс.
Көзі материалдық egemen.kz