http://new.vkoob.kz/kz/zha-aly-tar/bejne-zha-aly-tar/130-zha-aly-tar2/619-k-mek-te-oldau-da-bolady#sigProIded35b7116f
Наурыз айының 14-күні облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық аурухананың бас дәрігері Жайық Амангелдіұлы Жұмаханов пен «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облыстық теміржол бөлімшесінің бас инженері Самат Қашқынбекұлы Төлепов Аягөзге келді.
Екі күн толастамай жауған жауын мен қарғын судың салдарынан 11-наурыз күні кіші Аягөз өзені арнасынан шығып, су деңгейі күрт көтерілген. Су тасқынынан 149 үй суда қалып, 33 үй құлаған. Халық қалаулылары қаланың Желтоқсан көшесінде болып, табиғат апатынан зардап шегіп, үйлері су тасқынынан құлаған тұрғындармен кездесті. Қазіргі жағдайларымен танысты. Бірнеше үйдің иелерімен сөйлесіп, қал-жағдайларын сұрады. Апатты жағдайда тұрған құлаған үйлерді аралап көрді.
- Баспанасыз қалған барлық тұрғындар аймақ басшысы мен аудан әкімінің назарында болады. Үйсіз қалғандарға үй алып беруге қолымыздан келгенше көмектесеміз. Сіздерге халық болып қолдау көрсетеді. Біз әрбір отбасына келген шығындардың мөлшерін білейік деп келдік. Ауданда арнайы жұмыс тобы құрылған. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында ашылған қоғамдық қордың есеп-шотына қаржы түсіп жатыр,--деп жағдайды түсіндірген халық қалаулыларының сөздеріне көпшілік ризашылықтарын білдірді.
Депутаттармен бірге Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Мұхаметжан, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері, аудандық мәслихаттың депутаты Ш.Омаров, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бөлім меңгерушісі Қ.Абдреев болды.
Айта кету керек, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында ашылған есеп-шотқа әлден-ақ қаражаттар түсе бастаған. 14-наурыз күні «Көмек» ЖШС-гі 2 млн. теңге, «Семей таңы» газетінің редакциясы –161.553 теңге, «Ынтымақ» акционерлік қоғамы—100 мың теңге, жеке кәсіпкерлер: Чегирова—100 мың теңге, Әлия Төлендинова—70 мың теңге, Әлия Абдрахманова—60 мың теңге, Дүйсенбай Аманбек—25 мың теңге қаражаттарын арнайы қорға аударған.
Облыс пен аудан басшыларының жанды көмек көрсетуімен, халықтың қолдауларымен, береке-бірлігіміздің арқасында су тасқынынан зардап шеккен жандардың бірде-бірі назардан тыс қалмайды. Көмек те, қолдау да болады.
Б.Сайлаубайұлы.
Источник: Аягоз жаналықтар газеті